ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 21-тур

"Ордабасы" қожайындарының бірі 60 мың көрерменге арналған стадионның құнын айтты

"Ордабасы" ФК амбассадоры әрі ортақ иелерінің бірі Бейбіт Әлібеков команданың жаңа стадионына қатысты жоспарларын жариялады. .

"Ордабасы" қожайындарының бірі 60 мың көрерменге арналған стадионның құнын айтты
фото ашық дереккөзден алынды

"20 миллиард теңгені өзің тап деп жатыр" 

Бейбіт Әлібеков бұл туралы "Бизнес-Ниндзя" YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты. "Ордабасы" өкілі жаңа стадионның ауқымын ұлғайту бастамасы қосымша қаржыны қажет етуі мүмкін екенін жасырмады.

"Біз 60 мың адамға арналған стадион саламыз деп шештік. Әзірге құрылыс басталған жоқ. Бірақ біз бір нәрсені айтсақ, одан кейін кері қайтпайтын адамдармыз. Жігіттер маған, әзілдеп айтты деп үміттенемін: “Бұл сенің идеяң болғандықтан, енді қосымша 20 миллиард теңгені өзің тауып кел”, – дейді. Яғни әкімдік бөлетін қаражат өз орнында қалады, ал кластерге өз қаражатымызды қосамыз", – деді Бейбіт Әлібеков.

Осылайша жобаның кеңейтілген нұсқасын жүзеге асыру үшін жеке инвестиция тарту мәселесі де қарастырылып отырғаны байқалады.

"Ордабасы Аренаның" құрылысы қашан басталды?

Шымкенттің Қаратау ауданында бой көтеретін жаңа "Ордабасы Арена" стадионының құрылысы ресми түрде 2024 жылдың жазында басталған.

Бірақ қосымша жер телімдерін мемлекет қажетіне алу процесіне байланысты құрылыс жұмыстарының белсенді кезеңі кейінге шегерілді. Негізгі жұмыстар 2026 жылдың көктемінде қарқын алды.

Бастапқы жоба шамамен 21 гектар аумақта жүзеге асырылып, стадионның сыйымдылығын 35 мың көрерменге есептеуді қарастырған еді.

Жаңа стадион УЕФА талаптарына сай болмақ

Жоба бойынша жаңа арена УЕФА-ның төртінші санатына сәйкес келуі тиіс. Бұл деңгейдегі стадион халықаралық матчтарды және еурокубоктардың жоғары деңгейдегі кездесулерін өткізуге мүмкіндік береді.

Дегенмен 2026 жылдың жазында Шымкент билігі мен құрылыс саласына жауапты мекемелер аренаның сыйымдылығын қайта қарастыруға кірісті.

Жоспар бойынша стадиондағы орын саны 55–60 мыңға дейін арттырылуы мүмкін.

Егер жаңартылған жоба мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, ФИФА мен УЕФА талаптарына толық сәйкес келетіні расталса, "Ордабасының" стадионы Қазақстандағы ең ірі футбол аренасына айналуы ықтимал.

Бұл туралы не ойлайсыз?