"Қызылжардың" бұрынғы президенті Григорий Лория іздеуге жарияланды
Тергеу мәліметіне сәйкес, Лория 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыруға және салық төлеуден жалтаруға күдікті.
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі "Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны іздеуге жариялады.
72 жастағы футбол функционері бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару фактілері бойынша күдікке ілінген.
"Назар аударыңыз, іздеу жарияланды! ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекетаралық іздеу жариялады. Іздеуде жүрген азамат: Лория Григорий Отарович, 1954 жылғы 18 наурызда туған, Қазақстан Республикасының азаматы, "Қызыл-Жар СҚ" футбол клубы" ЖШС-нің бұрынғы президенті", - делінген агенттік хабарламасында.
414 млн теңгеден астам қаражат туралы сөз болып отыр
Тергеу мәліметіне сәйкес, Лория 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыруға және салық төлеуден жалтаруға күдікті.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті клубтың бас бухгалтерімен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған.
Сонымен қатар қаражатты жеке шоттарға негізсіз аудару ұйымдастырылып, бухгалтерлік және салықтық есептілікке көрінеу жалған мәліметтер енгізілгені айтылды.
Салық есептерінде табыс төмендетіліп көрсетілген
ҚМА мәліметінше, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жиынтық жылдық кірісі төмендетіліп көрсетілген.
Григорий Лория "Қызылжар" футбол клубын шамамен он жыл басқарды.
Сондай-ақ ол 1990-жылдардың соңында елордалық "Жеңіс" клубының президенті болып, команданың қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарған футбол функционерлерінің бірі ретінде белгілі.