Шавкат Рахмоновтың жаңа жарақатына қатысты мәлімдеме жасалды
Жақында бірқатар БАҚ қазақстандық файтердің тізесіне қатысты мәселе әлі де толық шешілмегені туралы жазған еді.
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жаңа жарақат алғаны туралы ақпарат бойынша спортшының командасы пікір білдірді.
DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Мұндай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Жеке өзім Шавкаттың жаңа жарақаты туралы ештеңе естіген жоқпын. Егер ондай жағдай болса, оны алғашқылардың бірі болып мен білер едім. Сондықтан бұл – кәдімгі фейк", – деді бапкер.
Рахмонов соңғы рет 2024 жылы жекпе-жек өткізді
Шавкат Рахмонов UFC октагонына соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында шыққан.
Сол кезде ол ирландиялық файтер Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Алайда содан бері Рахмонов тізе жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ. Оның қалпына келу процесі ұзаққа созылды.
Еске салсақ, жақында бірқатар БАҚ-та қазақстандық файтердің тізесіне қатысты мәселе әлі де толық шешілмегені туралы ақпарат пайда болды.
Онда бірнеше операциядан кейін Рахмоновтың тізесі қарқынды жаттығуларға толық төтеп бере алмай жүргені айтылды.