Жәнібек Әлімханұлы "Канелоның" қарсыластар тізіміне енді
Сауль "Канело" Альварестің командасы Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын ықтимал қарсылас ретінде қарастырып отыр.
Әлімханұлы "Канеломен" қандай жағдайда жұдырықтаса алады?
Мексикалық боксшының бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо 2027 жылға жоспарланған ықтимал қарсыластар қатарына Әлімханұлы – Банк кездесуінің жеңімпазын қосты. Жәнібек Әлімханұлының есімі екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру кездесулері санатында көрсетілген.
Альварестің командасы қазақстандық боксшымен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін ол Якоб Банкті жеңіп, әлем чемпионы атанған жағдайда қарастырмақ. Әзірге тараптар кездесу өткізу туралы ресми келісім жариялаған жоқ.
Тізімге тағы кімдер кірді?
"Канелоның" ықтимал қарсыластары арасында мына боксшылар да аталған:
- Хайме Мунгия;
- Кристиан Андраде;
- Лестер Мартинес;
- Вилли Хатчинсон.
Бұған қоса Теренс Кроуфордпен және Дмитрий Биволмен қарымта жекпе-жек өткізу нұсқалары бар.
Әлімханұлы мен Банк қашан кездеседі?
Жәнібек Әлімханұлы 2027 жылы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында Якоб Банкке қарсы рингке шығады.
Кездесуде екінші орта салмақтағы 168 фунтқа дейінгі санаттағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионының бос белбеуі сарапқа салынады. Бұл атақ британиялық Хамза Шираз белбеуден бас тартқаннан кейін бос қалған.
Екі боксшы да кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Әлімханұлының еншісінде 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен болса, Банк 20 кездесудің барлығын жеңіп, 11 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.