АҚШ-та Шавкат Рахмоновтың мансабына қатысты күтпеген пікір айтылды
Қазақстандық спортшы екі жылға жуық уақыттан бері жекпе-жек өткізген жоқ.
Америкалық ММА комментаторы Бен Дэвис қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың октагонға оралуына қатысты күмән келтірді.
Бұған Рахмоновтың тізесіндегі жарақаты қайта мазалауы мүмкін деген ресми расталмаған ақпарат себеп болған. Қазақстандық спортшы екі жылға жуық уақыттан бері жекпе-жек өткізген жоқ.
"Бір күні оның мансабы аяқталғанын мойындаймыз"
Дэвис MMA On Point жариялаған жазбаға пікір білдірді. Онда ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасалып, Рахмоновтың жарақаттанған тізесі жоғары қарқындағы жаттығуларға шыдамауы мүмкін екені айтылады.
Сол ақпаратқа сәйкес, қазақстандық файтердің келесі жекпе-жегі 2027 жылдың маусымынан ерте өтпеуі мүмкін. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
"Бір күні оның мансабы аяқталғанын мойындаймыз", – деп жазды Бен Дэвис.
Рахмонов соңғы рет 2024 жылы жұдырықтасты
Шавкат Рахмонов тізесіндегі мәселелерге байланысты ұзақ уақыт бойы жарысқа қатыса алмай жүр. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізді.
Сол кездесуде қазақстандық файтер ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Айта кетейік, 32 жастағы Шавкат Рахмонов кәсіпқой ММА-да әлі жеңіліс тапқан жоқ. Оның рекорды – 19 жекпе-жек, 19 жеңіс. Соның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтады.