Шавкат Рахмонов үнсіздігін бұзды
Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, жарақаттан соңғы қалпына келу барысы туралы айтты.
Жанкүйерлеріне үн қатты
Аралас жекпе-жектен жеңіліс көрмеген қазақстандық спортшы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жаттығуларын жалғастырып жатқанын жеткізді.
"Тағы бір апта ауыр жаттығулар артта қалды. Күн өткен сайын күшейіп келемін", – деп жазды Рахмонов.
Бұл мәлімдеме қазақстандық файтердің денсаулығына қатысты түрлі ақпарат тараған тұста жарияланды.
UFC октагонына қашан оралады?
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген. Ол ирландиялық Иэн Гэрримен кездесіп, бес раундқа созылған тартысты айқаста төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Бірақ осы кездесуден кейін тізесіндегі жарақатына байланысты ұзақ уақыт жарыстарға қатыса алмады.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Рахмоновтың бірнеше операциядан кейін де тізесіндегі қиындықтардан толық арылмағанын хабарлаған еді. Тараған мәліметтерге сәйкес, файтердің тізесі жоғары қарқындағы жаттығу жүктемесіне төтеп бере алмай жүрген болуы мүмкін. Дегенмен Шавкаттың соңғы жазбасы оның дайындықты тоқтатпағанын аңғартады.
Қазіргі уақытта 19 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен қазақстандық файтердің UFC-ге нақты қашан оралатыны белгісіз.
Рахмоновтың алдағы қарсыласы мен келесі жекпе-жегінің күні әзірге ресми жарияланған жоқ.