Мәдина Сәдуақасованың «Сүйген жүрек» атты хит әніне түсірілген клип бүгінде тыңдарман жадында ерекше әсермен сақталған. Сол бейнебаянға түскен жігіт – Шалқар есімді азамат, арада екі онжылдық өткен соң әншінің өзімен күтпеген жерден қайта жолығып, сахна төрінде тосынсый жасады.
Қазақстандық танымал әнші Мәдина Сәдуақасова Instagram парақшасында жан тебірентерлік жаңалықпен бөлісті. Ол 20 жыл бұрын өзінің ең танымал клиптерінің бірі — «Сүйген жүрек» бейнебаянына түскен жігітпен кездейсоқ кездескенін хабарлады.
«20 жылдан кейін "Сүйген жүрек" клипіне түскен жігітті бір шарада кездестірдім. 20 жыл бойы клиптегі күшік пен осы жігітті бәрі сұрап келді», — деп жазды әнші.
Мәдина ханым бұл кездесуді үлкен тосынсый деп қабылдаған. Оның айтуынша, клипке түскен жігіт — Шалқар есімді азамат, режиссер Рашид Сүлейменовтың группаласы болған.
«Отбасымен таныстым бүгін. Мен үшін өте жағымды тосынсый болды. Кім қатты өзгерді 20 жылда?» — деп жазды Мәдина Сәдуақасова.
«Сүйген жүрек» — Мәдина Сәдуақасованың шығармашылығында маңызды орын алатын әндердің бірі. Бұл клип 2000-жылдардың басында көрермендердің жүрегінен ерекше орын алған. Ән мен бейнебаян — әншінің танымалдығын арттырған негізгі себептердің бірі.