"Отбасы — көрініс үшін емес": "Жігіттер" тобының әншісі ажырасу себептерін ашық айтты
Айдар Тұрғамбек әлеуметтік желідегі әдемі көріністердің отбасылық жанжалға, тіпті ажырасуға себеп болатынын айтты.
Жеке өмір — көпшіліктің назарына арналмаған
Эстрадада өз орнын тапқан "Жігіттер" тобының мүшесі Айдар Тұрғамбек әлеуметтік желі қолданушыларын отбасылық сәттерді жариялауда абай болуға үндеді. Әншінің айтуынша, көп жағдайда ажырасуға түрткі болатын – желідегі жасанды бақыт көріністері.
"Күйеуің гүл беріп жатыр екен деп, оны міндетті түрде Instagram-ға салудың қажеті жоқ. Сол сәт өздеріңізге ғана арналсын", – деді әнші парақшасында.
Ажырасып жатқан отбасылардың басты мәселесі – салыстыру
Айдардың айтуынша, өзгенің өмірімен салыстыру — көптеген жанұялардың ішкі жарасына айналған.
"Жігіттер, әйелдеріңізге гүл сыйлағаныңызды елге жария етпеңіздерші. Қыз-келіншектер, өздеріңізге жасалған тосынсыйларды бүкіл жұртқа көрсету — бақыт емес. Басқа біреудің өміріне қарап, өз отбасын кем санау — қайғының басы", – деп ашынды ол.
Әнші қазіргі қоғамда әлеуметтік желі мен шынайы өмірдің арасы алшақтап кеткенін, көп жағдайда жасанды контенттің адамдардың көңіл-күйіне теріс әсер ететінін жеткізді.
"Жұрттың күйеуі гүл береді, шетелге апарады деп, өз үйіңдегі тыныштықты бұзудың қажеті жоқ. Әр отбасы – өзінше бір әлем. Отбасылық өмір – құпия болуға тиіс", – деп түйіндеді Тұрғамбек.