Белгілі әнші Асхат Тарғын Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылында салынып жатқан тұрғын үй кешеніне наразылығын білдірді. Өнер иесі күніне ондаған жүк көлігі өтетін көшеде шаң мен шудан көз ашпай отырғанын айтып, құрылыс компаниясынан мәселені шұғыл шешуді талап етті.
Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылында тұратын әнші Асхат Тарғын құрылыс компаниясының әрекетіне наразы. Ол КТК телеарнасының тілшілеріне берген сұхбатында үйінің маңында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің кесірінен тыныштығы бұзылғанын айтып шағымданды. Әншінің айтуынша, күніне ондаған ауыр жүк көлігі көше бойымен қатынап, көк шаң көтеріп, үйге кіріп-шығуға мүмкіндік бермей отыр.
“Компания үй салғаннан бері үлкен бір проблема болып тұр. Көшемізді бүлдірді. Шаң, үйге кіріп-шыға алмаймыз, тереземізді аша алмаймыз. Көріп тұрсыздар, жүк көлігінен шыққан шаңды. Күніне осы жерден 90 КамАЗ өтеді, мазамыз қашты. Таңғы жетіден басталады, ұйқы жоқ. Алдында сенбі, жексенбіде де жұмыс істеді”, – дейді Асхат Тарғын.
Әнші жалғыз емес. Құрылыс зардабын көріп отырған көршілері де наразы. Гүлзира Арықбай есімді тұрғынның үйінде жарықтар пайда болып, едені жарылып кеткен.
“Біз осында көшіп келгенімізге алты ай болды. Жаңадан түскен үй болған. Құрылыстың кесірінен керегелеріміз ашылып, дүрсілінен балаларым шошып, үйде отырудан қорқып. сыртқа қашады. Еденімізге дейін дейін ашылып, керегелеріміз де ашылып, топырақ жұтып жатырмыз”, – дейді ол.
Тұрғын үй кешенін салып жатқан компаниялар бұл мәселеден хабардар. Солардың бірі – Ермек Саурықбаев жол мен инфрақұрылымды жөндейміз деп уәде берді:
“Жолды толық қалпына келтіреміз. Су құбырларын да өзіміз тартамыз. Асфальт төселеді. Құрылыс 2027 жылдың ортасында аяқталады”, – деді ол.
Алайда, қандай нысан салынып жатқаны нақты айтылмады.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, құрылыс заңды түрде жүргізіліп жатыр. Барлық санитарлық нормалар мен ғимараттар арасындағы қашықтық сақталған. Бірақ бүлінген үйлердің шығынын кім өтейтіні әзірге белгісіз.
Тұрғындар жергілікті биліктен құрылыс барысын қатаң бақылауға алып, беймаза түндер мен шаң-тозаңның алдын алуды талап етіп отыр.