Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм жұбайы, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің тіршілігінде пайдаланған заттарын жұрт назарына ұсынды.
“Данияр қайныма алғыс айтамын — Алматыдағы біздің шаңырағымызда түсіріп алған екен. Күйеуімнің заттарын өзім мұқият сақтап қойған едім”, – деп жазды әнші.
Жақында Мақпал Жүнісова Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылына арнайы сапармен барып қайтты. Онда Заманбек Нұрқаділовке арналған еске алу іс-шарасы ұйымдастырылған.
“Кегендегі мектепке Зәкеңнің есімі беріліпті. Бір бөлмесі толықтай мұражайға айналдырылған. Мен де өзімде сақталған бірнеше затты сол мұражайға тапсырдым. Кеген ауылдық әкімдігіне үлкен рақмет!” – деді ол.
Мақпал Жүнісованың айтуынша, болашақта Нұрқаділовтің басқа да жеке бұйымдары Алматыдағы музейлерге табысталмақ.
“Үйде қалған кей заттарға бірнеше музей қызығушылық танытып отыр. Сол мәдени орындарға тапсыруды жөн көрдім. Халықтың көзімен көріп, тарихпен жүздескені дұрыс”, – деп пікір білдірді халық әртісі.