Қазақстанда қайырымдылықтың жаңа символына айналған "бетперде таққан жігіт" елді тағы да тебірентті. Бұл жолы ол бес қыз тәрбиелеп отырған Айнәзік есімді жалғызбасты анаға жаңа үй сыйлады.
Айнәзік есімді кейіпкердің ең үлкен қызы – 17 жаста. Анасының айтуынша, бойжеткен көшеде топтық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қазір қыз бала ауыр психологиялық күйзеліске түсіп, бөлмесінен шықпайтын болған. Бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Ортаңғы қызы – аутизммен ауыратын, көру мүмкіндігінен айырылған мүгедек. Анасы оны жалғыз қалдыра алмай, өзімен бірге жұмысқа алып жүруге мәжбүр. Балақайын беліне байлап, солай бірге жұмыс істейді. Отбасын асырау үшін күндіз қара жұмыс істесе, кешкісін кафеде еден жуады.
“Ең ауыр сәт – үй ақысына ақша таппай, далада қалғанымыз еді. Қолымда жүрек ақауы бар науқас балам болды. Ол сол сәтте көз жұмды...
Ең жанға батқаны — баламның мәйіті қасымда жатты, бірақ оны жерлейтін жер де, қаражат та болмады. Шілденің аптап ыстығында баламның денесін қайда қоярымды білмедім”, – дейді Айнәзік көз жасын тыя алмай.
“Бетперде таққан адам” тек үй сыйлап қоймай, анаға жеке кәсібін ашуға көмектесетінін де жеткізді. Жаңа бейнероликте көрсетілген үй – кең, күрделі жөндеуден өткен, жиһазбен толық жабдықталған. Видеода бүкіл отбасы ас үстінде, ал жанында — бетперде киген белгісіз қайырымды жан.