«Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмырзаның анасы Сәуле Рабаева ұлының жеке өміріне қатысты тараған қауесеттерге нүкте қойды.
Ол Самат Смақовтың қызы Самирамен болған қарым-қатынасы туралы «1Бол»-ға айтып берді.
«Әлеуметтік желілерде оның сүйіктісі – Самат Смақовтың қызы деп жазды. Иә, ол өте қарапайым, тәрбиелі қыз. Біздің отбасымызбен тез тіл табысып кетті, Шерханды алғашқы қадамдарынан бастап қолдап жүрді. Автобуспен не метроға мінген кездерінде де жанында болды. Сондықтан мен оны қатты құрметтеймін. Тіпті анасымен ара-қатынасымыз “құдағидан” гөрі, жақын құрбылардай», – деді Рабаева.
18 жастағы Шерхан Қалмырза көпшіліктің назарын Чемпиондар лигасының бірінші турындағы «Спортинг» – «Қайрат» кездесуінде аудартқан. Бұл оның негізгі құрамдағы небәрі екінші ойыны еді.
Жас қақпашы алғашқы таймда пенальтиді қайтарып, жалпы матч барысында португалиялықтардың төрт соққысын сәтті тойтарған.
Айта кетейік, бұған дейін Шерхан Қалмырза мен Самира Смақова арасындағы қарым-қатынас бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі болған еді.