Белгілі әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары оны «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттерін қымбатқа сатты деп айыптаған еді. Осыған байланысты Еспановтың өзі Instagram арқылы пікір білдіріп, ұлын қорғап шықты.
Нұрлан Еспанов жағдайға былайша жауап қатты:
«Достар, қызықсыздар, ә?! Егер менде билет болса, қазір «Қайраттың» стадионында айқайлап отырмас па едім? Шын мәнінде, кешке ғана стадионның алдына барып қайттым. Өзімде билет жоқ. Егер балам билет сататын болса, оған айтпаймын ба: «Сатпа, өзіміз-ақ аламыз ғой» деп. Оның да достары бар, бәлкім олар парақшасына салуды өтінген шығар.
Мысалы, сіз екі билет алып қойдыңыз делік, бірақ белгілі бір себеппен ойынға бара алмадыңыз. Сонда не істейсіздер? Үйге сақтап қоясыздар ма, әлде біреуге бересіздер ме? Мүмкін қымбатқа сатасыздар. Бұл – әркімнің өз еркі. Мұны жемқорлық деуге болмайды.
«Реал Мадрид» Алматыға алғаш рет келіп отыр. Әркім команданы көргісі келеді. Сондықтан «ойбай» дей бермеңіздер. Баламды жемқор деп жазыпсыздар. Ал ол не ұрлап отыр? Ойланыңыздаршы (күліп). Екі билет сіздерде болса, не істейсіздер?», – деді әнші.
Бұл мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде пікірталас қыза түсті. Бірі Еспановтың сөзін құптап, «бұл – қалыпты жағдай» десе, енді бірі «жұлдыздардың балалары қоғам алдында жауапкершілік сезінуі керек» деп сын айтты.