Белгілі спортшы, блогер әрі актер Қуат Хамитов келесі жылы өзінің алғашқы көркем фильмін түсіретінін мәлімдеді.
Ол бұл жобаға үлкен дайындықпен кірісіп жатқанын айтып, кино саласында тың леп әкелуді мақсат тұтатынын жеткізді.
«Иә, бұл — шындық. Келер жылдың көктемінде өзімнің алғашқы фильмімді түсіруді жоспарлап отырмын. Сценарийін өзім жаздым, актерлерді де жеке таңдаймын. Жоба толық менің қаржыландыруыммен жүзеге асады. Бұл фильм мен үшін жай ғана дебют емес — қазақстандық кинематографияға жаңа тыныс беретін туынды болсын деп армандаймын», – деді Қуат Хамитов.Фильмге қатысатын актерлер
Қуат Хамитов Instagram парақшасында болашақ картинаға дайындық басталғанын айтып, кейбір актерлерге өзі хабарласқанын да жасырмады.
«Қыздар, егер мен сендерге жазған болсам — демек, сендерді рөлге қарастырып жүргенім», – деп әзіл аралас мәлімдеді спортшы.
Қуат Хамитов соңғы жылдары тек спортта емес, өнер саласында да белсенділігімен танылып жүр. Оның айтуынша, алдағы фильм экшн мен өмірлік драма элементтерін біріктіріп, қазақстандық көрерменге сапалы әрі әсерлі туынды ұсынуды көздейді.