"Қазгидромет" РМК 14 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер еліміздің 15 облысында күн райы бұзылатынын хабарлады.
Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел соғып, Алакөл көлдері маңында оның екпіні 15–20 м/с-қа, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Түнде өңірдің орталығында ауа температурасы –3°С дейін төмендеп, үсік жүреді деп болжанады.
Күндіз Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Бұл аймақтарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз оңтүстік-шығыстан 15–18 м/с жылдамдықпен жел соғады. Облыстың оңтүстігі, орталығы мен шығысында жоғары өрт қаупі, ал батысы мен солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі.
14–17 қазан аралығында Алматы облысының солтүстігінде төтенше, ал батысында жоғары өрт қаупі болжанады.
Атырау облысының батысы, солтүстігі және шығысында найзағай күтіледі. Шығыс бөлігінде жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15–20 м/с жылдамдықпен соғады. Солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарында төтенше, ал солтүстік-шығыс пен батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түседі. Таңертең және күндіз оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және таулы өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Түнде таулы аудандарда ауа температурасы –1°С дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін. Облыстың батысы мен солтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының батысы, оңтүстігі және орталығында солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15–20 м/с жетеді. Мұнда жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және орталығында түнде нөсер жаңбыр күтіледі. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі жалғасады.
Қарағанды облысының шығысында түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше, шығысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде оңтүстік-шығыстан 15–20 м/с жел соғады.
Түркістан облысының солтүстігінде күндіз шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Облыстың солтүстігі, батысы, орталығы және таулы аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысының батысы мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі, ал оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.
Ақмола облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман болады. Күндіз батысы, оңтүстігі және шығысында шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Облыстың оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.