Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық киноиндустриядағы маңызды тенденция туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Penalty.kz.
"Бүгінгі таңда біз халықаралық киноиндустрияда маңызды тенденцияны байқаймыз — Sony, Disney және Pixar сияқты ірі студиялар қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді шығара бастады. Жақында ғана қазақ тілінде шыққан «Venom: Соңғы би» фильмі осы тенденцияның айқын мысалы болды. Голливуд студияларының қазақ тіліндегі дубляжға қолдау көрсетуі мәдени диалогты дамытып қана қоймай, тіліміздің танымалдылығына жаңа серпін береді", — деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, әлемдік компаниялардың қазақ тіліндегі дубляж жасау шығындарын өз мойнына алуы қазақ тілінің әлемдік мәдени әртүрліліктің маңызды элементі ретінде мойындалуы болып табылады.
"Бүгінде фильмдерді қазақ тілінде дубляждап қана қоймай, оларды қазақ тілін дамыту үшін маңызды бастама ретінде қолдау маңызды. Өйткені дубляж — жай ғана аударма емес, толыққанды бейімдеу, ол әлемдік бейнелер мен сюжеттерді қазақтілді аудиторияға жақындатады", — деп атап өтті министр.
Аида Балаева осы жұмыс үшін серіктестеріне алғысын білдірді.
Ол киноның өнердің бірегей тілі екенін және әлемдік кейіпкерлер қазақ тілінде сөйлегенде, бұл біздің мәдени құндылықтарымыз бен әлемдік мәдени мұра арасында мызғымас байланыс қалыптастыратынын атап өтті.