Легионерлер сатып алуда қиындық көрмейтін ҚПЛ клубтары белгілі болды

Редактор Penalty.kz
11.04.2025, 13:40

Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ) бірқатар клубы легионерлерді сатып алуға байланысты жаңа заңнамалық шектеулерден зардап шекпейді.

instagram/@fca.astana

Мемлекеттік қаржыға тыйым: кімдер аман қалады?

Наурыз айының соңында Сенат "Дене шынықтыру және спорт туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Қазір құжат Президенттің қол қоюына жіберілген.

Жаңа заң жобасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ең басты жаңалық — мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржы есебінен шетелдік спортшылардың жалақысын төлеуге тыйым салу. Бұл шектеу әсіресе футбол, волейбол, баскетбол сияқты командалық спорт түрлеріне айтарлықтай әсер етпек.

Биылғы маусымда ҚПЛ-да 126 легионер тіркелген — әр командада орта есеппен 9 шетелдік ойыншыдан бар. Бұл туралы “Дядя Ваня” Telegram-арнасы мәлімдеді

“Қайрат”: Жеке капитал – толық еркіндік

Алматының “Қайраты” жаңа заңнама талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз қазақстандық клуб. Бес жыл бұрын кәсіпкер Қайрат Боранбаев клубтың қалған 30% үлесін сатып алып, оны жеке меншікке айналдырған.

Клуб барлық қаржылық қажеттілігін жеке инвестициялар арқылы өтейді. Adata.kz деректеріне сүйенсек, 2024 жылы “Қайрат” 915,9 млн теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш клубтың қаржылық тұрақтылығын дәлелдейді. Легионерлерді сатып алуда ешқандай кедергі болмайды.

“Астана”: Миллиондармен қаруланған чемпион

Қазақстанның ең титулды клубы “Астана” да өз табысы арқылы өмір сүре алады. 2021–2023 жылдары клуб:

  • 13,8 млрд теңге табыс тапқан ($27,3 млн);
  • Орташа жылдық табыс — 4,6 млрд теңге ($9,1 млн).

Бұл кірістер билет сату, жарнама, трансфер, УЕФА төлемдері және басқа да операциялардан түскен. Осы қаражаттың өзі-ақ легионерлер жалақысын өтеуге жеткілікті.

“Тобыл” мен “Ақтөбе”: орташа деңгейде болса да – өз күшінде

Қостанайдың “Тобылы” 2021–2023 жылдары:

  • 5,696 млрд теңге табыс тапты ($11,2 млн);
  • Еурокубоктардағы табыс — 1,863 млрд теңге ($3,5 млн).

Ал “Ақтөбе”:

  • 2,671 млрд теңге кіріс алған ($5,2 млн);
  • Негізгі табыс көзі — жарнама және УЕФА сыйақылары.

Бұл екі клубтың қаржысы шетелдік ойыншылармен келісімшарт жасасуға жеткілікті.

“Ордабасы” мен өзгелер: қатаң қысым мен сұраныстағы демеуші

“Ордабасы” клубы соңғы 2 жылда 11,9 млрд теңге мемлекеттік көмек алған. Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, орташа айлық жалақы — 15 млн теңге. Бірақ жаңа заң күшіне енсе, бұл мол қаржыландыру тоқтайды.

Осы себепті аймақ билігі “Ордабасыға” қолдауды қысқартуға уәде берді. Демек, клуб демеуші іздеуге мәжбүр болады. Бұл жағдай басқа облыстық командаларға да қатысты.

Қорытынды

2026 жылдан бастап шетелдік ойыншыларды сатып алу — тек жеке капиталға сүйенетін клубтардың мүмкіндігіне айналады. “Қайрат”, “Астана”, “Тобыл” және “Ақтөбе” сияқты клубтар жаңалыққа дайын, ал қалғандарына жаңа кезеңге бейімделу керек.