Магомед Адиевтің "Химкидегі" дебюті жанжалмен басталды

Редактор Penalty.kz
16.04.2025, 20:40

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев Ресейдің "Химки" клубындағы алғашқы жұмыс күнін жанжалмен бастады. Жаңа бапкердің алғашқы жаттығуын футболшылар жалақы бойынша қарыздарға байланысты саботаж жасай отырып өткізбей тастады.

vesti.kz

Клубтың бұрынғы жаттықтырушысы Франк Артига мен оның көмекшісі 15 сәуірде жалақының кешіктірілуіне байланысты қызметтерінен кетті. Олар клубқа нақты талап қойып, өз шарттарымен кеткен. Клуб жаттықтырушылардың талабын орындап, толық есеп айырысты.

Осыдан кейін “Химки” тізгінін Магомед Адиев ұстады. Алайда алғашқы жаттығу күні – 15 сәуірде команда ойыншылары алаңға шыққан жоқ. Олар Адиевпен жұмыс бастаудан бас тартты.

Футболшылардың наразылық себебі – Артига мен көмекшісіне толық жалақы төленгенімен, ойыншыларға тек 2026 жылдың қысына дейін бөліп төлеу ұсынылған. Бұл шешім команда ішінде үлкен наразылық туғызды.

Бір күн өткен соң, яғни 16 сәуірде, Магомед Адиев командамен кездесу өткізіп, ресми түрде бас бапкер ретінде таныстырылды. Енді оған клуб ішіндегі тәртіп пен сенімді қалпына келтіру міндеті жүктеліп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Адиев “Атырау” клубының бас бапкері атануы мүмкін деген ақпараттар тараған. Алайда маман таңдауын ресейлік клубтың пайдасына жасады. Қазір “Химки” Ресей чемпионатының 24 турында 23 ұпаймен 12-орында келеді.