Сауд Арабиясында өткен футболдан Азия Кубогында жеңіске жеткен Өзбекстан жасөспірімдер құрамасы елге салтанатты жағдайда оралды. Жеңімпаздарды Ташкенттегі Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайда жақындары, жанкүйерлері және елдің жоғары лауазымды тұлғалары құшақ жая қарсы алды.
Құраманың тарихи жеңісін жоғары бағалаған ел Президенті Шавкат Мирзиеев әр ойыншыға Chevrolet Cobalt көлігінің кілтін табыстауға пәрмен берді. Ал бас бапкерге – Chevrolet Equinox автокөлігі тарту етілді.
Турнир барысында өзбек жасөспірімдері бірнеше қиын қарсыласты артта қалдырды. Ең бастысы – финалда алаң иелерін, яғни Сауд Арабия құрамасын табандылықпен жеңіп шықты. Бұл жеңіс өзбек футболының жаңа буынына үлкен үміт сыйлады.
Салтанатты кеште Өзбекстан Президентінің құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, турнир жеңімпаздарын марапаттау туралы ресми Президент Жарлығы жария етілді.
"Жас спортшыларға болашақта да табыс, төзімділік пен шабыт тілейміз", – делінген ресми мәлімдемеде.