УЕФА Суперкубогының финалы Қазақстанда өтуі мүмкін

Редактор Penalty.kz
01.05.2025, 08:52

Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман өз YouTube-арнасында осындай мәлімдеме жасады. 

ru.uefa.com

УЕФА президенті Александр Чефериннің Қазақстанға жасаған сапарының басты мақсаты белгілі болды. Бұл сапар еліміздің футбол болашағы үшін маңызды қадам болуы мүмкін деп хабарлайды sports.kz.

Нұрсұлтан Құрман: негізгі мақсат — халықаралық турнирлерді өткізу

Аталған басылымның ақпары бойынша, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман өз YouTube-арнасында Чефериннің сапарына қатысты маңызды мәлімдеме жасады:

«Жақында УЕФА президенті Александр Чеферин Қазақстанға келді. Негізгі мақсат — U-17 және U-19 Еуропа чемпионаттарын елімізде өткізу. Бұл біздің футбол инфрақұрылымының дамуына үлкен серпін болар еді. Сонымен қатар, УЕФА Суперкубогының финалын өткізуге өтінім беру де осы сапардың негізгі себептерінің бірі болды. Сол үшін Мемлекет басшысымен кездесу ұйымдастырылды. Қазір барлық ұйымдастырушылық мәселе шешілді, енді оң жауап күтеміз».

Чеферин мен Тоқаевтың кездесуі: стратегиялық әріптестік

Александр Чеферин 25 сәуір күні ресми сапармен Қазақстанға келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен кездесу өткізді.