Қайрат Нұрдәулетов: "Инфрақұрылымнан бұрын білім мен табыс қажет"

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 18:10

Павлодарлық "Ертіс" клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов қазақстандық футболдағы басты проблемалар туралы Instagram парақшасында ашық жазды. Оның ойынша, елдегі бала футболының деңгейіне әсер ететін басты фактор — инфрақұрылым емес, жаттықтырушылардың білімі мен әлеуметтік жағдайы.

vesti.kz

“Футбол инфрақұрылымы маңызды, бірақ...”

“Балалар футболының проблемасын қозғағым келеді. Түрлі клубтарда жұмыс істей жүріп, футбол орталықтарының ішкі жағдайымен таныстым. Бұрынғы кезеңмен салыстырып, қазіргі қиындықтарды түсінуге тырыстым”, — деп жазады Нұрдәулетов.

Көпшіліктің пікірінше, Қазақстанда жақсы футболшылардың шықпау себебі — сапалы алаңдар мен стадиондардың тапшылығы. Бірақ бапкер мұнымен келіспейді:

“Біз кезінде асфальтта, шұрық-тесік алаңдарда жаттықтық. Соған қарамастан әр буыннан талантты ойыншылар шықты. Себебі сол кезде бәсекелестік болды. Жаттықтырушылардың деңгейі жоғары еді».

Балалар жаттықтырушылары кәсіби және қаржылық дағдарыста

Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырушылардың табысы мен біліктілігі мәселесін ерекше атап өтті. COVID пандемиясы кезінде көптеген жаттықтырушы тұрақты табыстан айырылып, жеке футбол мектептерін ашуға мәжбүр болды. Уақыт өте келе бұл жеке бизнес негізгі табыс көзіне айналды. Себебі клубтарда еңбекақы мардымсыз.

“Балалар жаттықтырушысының табысы өмір сүруге әрең жетсе, ол жаттығуға бар күшін сала ала ма? Ондай жағдайда бізде мықты жаттықтырушылар мен үздік ойыншылар қалай пайда болады?”, — дейді ол.

Шешім қайда?

Нұрдәулетовтің пікірінше, Қазақстан футболының дамуы үшін тек инфрақұрылымды емес, жаттықтырушылардың кәсіби өсуін де жолға қою керек:

  • Шетелдік клубтарда тәжірибеден өту
  • Білім алмасу, халықаралық курстар
  • Ұлттық федерацияның техникалық орталығы ұсынатын базалық білімнен тыс үздіксіз оқыту