Ағылшынның төменгі лига клубы "Солфорд Сити" иелік құқығын ресми түрде өзгертті. Енді команданың негізгі иелері — Дэвид Бекхэм, Гари Невилл, сондай-ақ америкалық кәсіпкер Деклан Келли мен лорд Мервин Дэвис болмақ. Олар директорлар кеңесінің теңтөрағасы ретінде қызмет етеді
Дэвид Бекхэм өзінің Солфордқа деген ерекше ықыласын былай жеткізді:
“Мен Солфордта өстім. Бұл қала менің футболшы ретінде қалыптасуымда маңызды рөл атқарды. “Солфорд Сити” — жергілікті қауымдастықтың жүрегі. Енді осы тарихтың жаңа тарауын бірге жазатын сәт келді”, — деді әйгілі футболшы.
Айта кетейік, Бекхэм мен Гари Невилл бұған дейін де “Солфорд Сити” клубының үлесін иеленіп келген. Сол кезеңде олармен бірге Ники Батт, Райан Гиггз, Фил Невилл және Пол Скоулз да клубтың бірлескен иелері болған.
Алайда жаңа құрылымға сәйкес, бұл жұлдыздар өз акцияларын Бекхэм мен Невилл бастаған консорциумға өткізіп, тек операциялық деңгейде жұмысын жалғастырады.
Гари Невилл жаңа серіктестік туралы пікір білдіріп, клубтың болашағына сенімді екенін айтты:
“Мен бұл клубқа өте жақын адаммын. Бұл — тәжірибесі мен көзқарасы әртүрлі, бірақ футболға деген махаббаты ортақ адамдардың біріккен серіктестігі. Ендігі мақсат — алдағы 4–5 жылда клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету”.