"Бавария" жұлдызы Бақтиер Зайнутдиновке қарсы ойнайды
Германия құрамасының шабуылшысы әрі "Бавария" клубының жұлдызы Лерой Сане "Галатасарайға" ауысты. Бұл ақпаратты беделді инсайдер Фабрицио Романо әлеуметтік желіде растады.
Үш жылдық келісім — Ыстанбұлға жол
Романоның жазуынша, Сане мен "Галатасарай" үш жылға есептелген келісімшарт бойынша толық келісімге келді.
"Лерой Сане — енді “Галатасарай” ойыншысы! Бүгін кешке ол Ыстанбулға ұшып келеді. Медициналық тексеруден өткен соң, ресми түрде келісімге қол қояды. Бұл ақпарат бүгін таңертең расталды!", — деп жазды журналист X (бұрынғы Twitter) желісінде.
Саненің "Бавариядағы" көрсеткіштері
2024/25 маусымында Лерой Сане "Бавария" құрамында 45 ойын өткізді. 13 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Ол — неміс футболының үздік вингерлерінің бірі, әрі Еуропадағы ең жарқын ойыншылардың қатарында.
Зайнутдинов пен Сане — енді мәңгілік қарсыластар
Енді Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов пен Лерой Сане Түркия чемпионатында қауіпті қарсыластар ретінде кездесуі мүмкін.
Зайнутдинов өнер көрсететін "Бешікташ" пен "Галатасарай" — түрік футболының басты бәсекелестері. Олардың арасындағы матчтар үлкен интрига мен жанкүйерлердің айрықша қызығушылығын тудырады.