Еркебұлан Тоқтармен екі рет жұдырықтасқан файтер сотталып кетті

Бокс шолушысы
Бүгін, 13:00

Қазақстандық жанкүйерлерге Еркебұлан Тоқтармен жекпе-жектері арқылы жақсы таныс ресейлік поп-ММА файтері Фарид Ядуллаевқа қатысты сот үкімі шықты.

instagram/@erkebulan_toktar

Қандай жаза алды?

Мәскеудің Мещан аудандық соты 28 жастағы файтерды психотроптық заттарды ірі көлемде заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды.

Іс материалдарына сәйкес, Ядуллаев мамыр айында жасырын жерден амфетамин салынған пакетті алып кеткен. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 1,45 грамм болған. Көп ұзамай спортшыны құқық қорғау органдары ұстаған. Тергеу барысында Ядуллаев өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірген.

Сот шешімімен файтерге үш жыл алты ай шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сынақ мерзімі төрт жыл болып белгіленді.

Осы уақыт аралығында ол Ресейдің қылмыстық-атқару жүйесі органдарының бақылауында болады.

Тоқтар мен Ядуллаев екі рет кездескен

Фарид Ядуллаев қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтармен Nomad Fighting лигасында екі рет жекпе-жек өткізген.

Алғашқы кездесу 2023 жылдың маусымында Алматыда өтті. Бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен ұйымдастырылған жекпе-жекте Ядуллаев төрешілер шешімімен жеңіске жеткен.

Араға бір жылдан астам уақыт салып, 2024 жылдың қарашасында қарсыластар қайта жолықты. Бұл жолы жекпе-жек жалаң жұдырық форматында өтті. Еркебұлан Тоқтар қарсыласынан сенімді түрде қарымта алып, Ядуллаевты бірінші раундтың 47-секундында нокаутқа түсірді.

Реклама
Реклама