WBO шешім шығарды: Жәнібектің чемпиондық жекпе-жегі ресми бекітілді
WBO шешіміне сәйкес, екі боксшының өкілдеріне жекпе-жектің шарттарын келісу үшін 15 күн уақыт берілді.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтағы бос қалған әлем чемпионы белбеуі үшін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен даниялық Якоб Бэнк* (20-0, 11 КО) арасындағы жекпе-жекті санкциялады. Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Тараптарға 15 күн берілді
WBO шешіміне сәйкес, екі боксшының өкілдеріне жекпе-жектің шарттарын келісу үшін 15 күн уақыт берілді.
Егер осы мерзім ішінде тараптар келісімге келе алмаса, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін промоутерлік сауда өткізіледі.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпионы Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізуге тиіс болған. Алайда британдық боксшы қазақстандықпен кездесуден бас тартып, чемпиондық белбеуді өз еркімен босатты. Осыдан кейін WBO титулы вакантты болып қалды.
Неліктен қарсылас Якоб Бэнк?
25 жастағы Якоб Бэнк қазіргі таңда WBO рейтингінде үшінші орында тұр.
Ал рейтингтің екінші нөмірі Диего Пачеко басқа қарсыласпен жекпе-жек жөнінде келіссөз жүргізіп жатқандықтан, Бэнк бос белбеуге таласатын қолжетімді үміткер атанды.
Айта кетерлігі, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста 17 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтады.
Ал Якоб Бэнктің рекорды – 20 жеңіс, 0 жеңіліс, 11 нокаут.