Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Қызылжар" клубының экс-басшысына іздеу жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысында 72 жастағы Григорий Лорияға іздеу жарияланды. Оны Қаржылық мониторинг агенттігі іздестіріп жатыр. 

"Қызылжар" клубының экс-басшысына іздеу жарияланды
qaz-media.kz

Іздеу не себепті жарияланды?

Қазақстанның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында бұрынғы футбол функционеріне қатысты іздестіру карточкасы пайда болды.

Ресми мәліметке сәйкес, 1954 жылғы 18 наурызда дүниеге келген Қазақстан азаматы Григорий Лорияға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Іздестіруге бастамашы болған орган — Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі. Ал іздеу шараларын агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.

Бұрынғы клуб басшысы қандай іске күдікті?

HALYQSTAN Telegram арнасының хабарлауынша, Григорий Лория сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іске күдікті ретінде танылған.

Ақпарат көзінің мәліметінше, Лория Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап алуға келмеген.

Сонымен қатар ол тергеу тарапының күдіктіні сырттай қамауға алу туралы өтінішхаты қаралған сот отырысына да қатыспаған. Осыдан кейін оған ресми түрде іздеу жарияланған.

"Қызылжардағы" қаржы дауы

2024 жылы Петропавлдың "Қызылжар" футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру деректері анықталғаны хабарланған.

Аталған істің бір эпизоды бойынша клубтың бұрынғы бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 2026 жылдың қаңтарында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Ал Григорий Лорияға қатысты қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр.

Айта кетейік, Григорий Лорияның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгені туралы ақпарат жоқ. Сондықтан ол кінәсіздік презумпциясына сәйкес күдікті болып саналады.

Бұл туралы не ойлайсыз?