Бүгін Сабыржан Аққалықов Азиададағы алғашқы айқасын өткізеді
Отандасымыздың қарсыласы - Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сон. Боксшылар Азия ойындарының 1/4 финалы жолдамасы үшін таласады.
Бүгін, 23 қыркүйекте, Қазақстан боксшылары Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы бәсекесін бастайды. Алғашқы болып рингке Сабыржан Аққалықов шығады.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сонмен жұдырықтасады.
Жекпе-жек Қазақстан уақытымен 14:30-да басталады. Тікелей трансляцияны "Qazaqstan" телеарнасынан көруге болады.
Аққалықовтың жетістіктері
Сабыржан Аққалықов 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған.
Сондай-ақ ол 2025 жылғы IBA ересектер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Қарсыласы осал емес
Ким Мин Сон 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол сонымен қатар Қытайдың Гуйянь қаласында өткен World Boxing Кубогының екінші кезеңінде де қола медаль иеленген.
Айта кетейік, Азия ойындары-2026 турнирінде Қазақстан атынан барлығы 11 боксшы өнер көрсетеді.
Ерлер құрамасында Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай бар.
Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Аида Әбікеева және Наталья Богданова сынға түседі.