Асу Алмабаевтың UFC-дегі жекпе-жегі ресми жарияланды
Аса жеңіл салмақта рейтингтің бесінші сатысында тұрған отандасымыз жапониялық тәжірибелі файтер Кёдзи Хоригутимен кездеседі.
Кёдзи Хоригутимен жұдырықтасады
DAR Team Kazakhstan командасы Асу Алмабаевтың (24-3) кезекті жекпе-жегін ресми түрде жариялады.
Қазақстандық файтердің қарсыласы – UFC рейтингінде сегізінші орында тұрған Кёдзи Хоригути (36-6). Жапониялық файтер бұған дейін UFC чемпиондық белбеуіне үміткер болған, сонымен бірге Bellator және Rizin промоушендерінде чемпион атанған.
Жекпе-жек 21 қарашада UFC Qatar турнирінде ұйымдастырылады. Шоу Эр-Райян қаласындағы Ali Bin Hamad Al Attiyah Arena кешенінде өтеді.
Алмабаев пен Хоригути арасындағы кездесудің дивизион үшін маңызы жоғары. Жекпе-жек жеңімпазы UFC чемпиондық белбеуі үшін таласуға мүмкіндік алуы ықтимал. Қазір UFC-дің аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуі Джошуа Ванға тиесілі.
Асу Алмабаев үш жеңістен тұратын сериямен келеді
Қазақстандық файтер алдағы жекпе-жекке қатарынан үш жеңіспен келіп отыр.
Алмабаев соңғы рет 27 маусымда Бакудегі UFC турнирінде октагонға шыққан. Ол америкалық Чарльз Джонсонға қарсы басымдық танытып, үшінші раундта сирек қолданылатын ауырту әдісі – "Сулоев созылуы" арқылы қарсыласын берілуге мәжбүр етті. Осы жеңістен кейін дивизиондағы позициясын нығайтып, рейтингтің үздік бестігіне енді.
Ал Кёдзи Хоригути маусым айында Манель Капеге қарсы кездесуде үшінші раундта нокаутпен жеңіліс тапқан. Оған дейін жапониялық файтер UFC-ге қайта оралғаннан кейін Тагир Уланбеков пен Амир Альбазиді жеңген болатын.