Қазақ қызы бокстан Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері атанды

Спорт шолушысы
09.08.2026, 17:58

Этникалық қазақ, бокстан әлем чемпионы Салтанат Меденоваға "Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілді.

instagram/@medenova_s1

Мәртебелі атақ

Боксшы Instagram парақшасында Ресей Федерациясының Спорт министрлігі табыстаған куәліктің суретін жариялады.

Құжатта Салтанат Серікқызы Меденоваға "Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері" спорттық атағы 2025 жылғы 24 қазандағы бұйрық негізінде берілгені көрсетілген.

Сонымен қатар Меденова өзінің жеке бапкері Сергей Земцовтың да "Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атағына ие болғанын хабарлады. Ресей бокс федерациясының мәліметінше, Земцов бұл марапатқа Салтанат Меденованы әлем чемпиондығына дайындағаны үшін лайық деп танылған.

Қиын жол

Салтанат Меденова көптен күткен марапаттың команда үшін ерекше эмоция сыйлағанын жеткізді.

"Ақыры көптен күткен куәліктерімізді ресми түрде алдық — “Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері” және “Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы”! Дәл осындай сәттерде артта қаншалықты үлкен жол қалғанын ерекше түсінесің. Кеше ғана бұл туралы армандап, өте алыс әрі қол жетпейтіндей көрінген мақсаттарды алдымызға қойғандай едік", — деп жазды боксшы.

Боксшының айтуынша, табысқа жету жолында күмәнді кезеңдер мен жеңілістер де болған. Дегенмен команда мақсатына жету үшін жұмысын тоқтатпай, алға жылжи берген.

Салтанат Меденова кім?

Салтанат Меденова — Омбы қаласының тумасы, Ресей құрамасының сапында өнер көрсететін этникалық қазақ. Орта жүздің Қыпшақ руынан шыққан.

Меденова 2025 жылдың наурыз айында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде IBA әлем чемпионы атанды.

Ал 2026 жылдың сәуірінде боксшыға тағы бір мемлекеттік марапат табысталып, "Отан алдындағы еңбегі үшін" орденінің II дәрежесіне ие болды.

Реклама
Реклама