Еуропалық деңгейдегі футболшы Қазақстан чемпионатына ауысты. Иван Башич "Астана" ойыншысы атанды.
“Астана” ФК құрамын жаңа ойыншымен толықтырды. Команданың ресми парақшасында Босния және Герцеговина құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Башичтың трансфері туралы хабарланды.
“Ресми ақпарат: Иван Башич – енді "Астана" футболшысы. Ойыншы 8-нөмірмен алаңға шығады”, – деп жазды клубтың Instagram парақшасы.
22 жастағы Иван Башич – Босниядағы “Зриньски” клубының түлегі. Ол соңғы маусымдарды Ресей Премьер-лигасындағы “Оренбург” сапында өткізді. 2023 жылы Босния және Герцеговина ұлттық құрамасында алғашқы ойынын өткізіп, жалпы үш матчта алаңға шыққан.
Transfermarkt порталының мәліметінше, Иван Башичтің қазіргі трансферлік құны 1,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл Қазақстан біріншілігі үшін елеулі сома саналады.