Ағылшын Премьер-лигасындағы трансферлік терезеде тағы бір ірі келісім аяқталуға таяу. Бір жыл бұрын £15 млн-ға сатып алынған Энтони Эланга енді £55 млн-ға сатылмақ.
“Ноттингем Форестің” жарқ еткен жұлдызы “Ньюкасл Юнайтедтің” басты нысанасына айналды. Бұл трансфер тек баға емес, амбиция жайлы.
23 жастағы швециялық жартылай қорғаушысы 2024/25 маусымында “Форест” сапында 38 матчқа қатысып, 6 гол соқты және 11 нәтижелі пас берді. Оның осы үлесі арқасында “Ноттингем Форест” соңғы 30 жылда алғаш рет еурокубокке жолдама алды.
“Ньюкаслдың” бас бапкері Эдди Хау Эланганы бір жыл бұрын-ақ командасына қосуды қалаған. Алайда ол кезде трансфер жүзеге аспаған. Енді клуб қажетті қаражатты бөліп, ойыншыны сатып алуға бір қадам қалды.
Эланганың орнын толтыру мақсатында “Ноттингем Форест” ПСВ Эйндховен сапында өнер көрсететін Жоан Бакайокоға көз тігіп отыр. Бұл ойыншы да Еуропада жоғары бағаланатын таланттардың бірі саналады.