ҚПЛ-дың 16-турында Шымкенттегі орталық кездесуде жергілікті "Ордабасы" "Астананы" қабылдады. Көпшілік елордалықтардың кезекті жеңісіне сенсе де, матч мүлдем басқа сценариймен аяқталды.
Ойын барысында қос команда бір-біріне айтарлықтай қысым көрсетті. Матч екіжақты шабуылдарға құрылды, бірақ қауіпті сәттер аса көп бола қоймады.
67-минутта қонақтар сан басымдығына ие болды. "Ордабасының" жартылай қорғаушысы Зикрилло Султаниязов алаңнан қуылды. Дегенмен бұл "Астанаға" бірден нәтиже әкелмеді.
Кездесудің негізгі уақыты аяқталуға таяп қалғанда шымкенттік жанкүйерлер қуанышқа бөленді. Эвертон Мораес қарсылас қақпаны дәл көздеп, ойындағы жалғыз әрі шешуші голдың авторы атанды.
Бұл жеңіс "Ордабасы" үшін аса маңызды болды. Шымкенттік команда енді 23 ұпаймен турнир кестесінде жетінші орынға жайғасты. Ал "Астана" 37 ұпаймен көш басында қалды, дегенмен із кесушілер өз бабында.