FIFA-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер қазіргі халықаралық футбол күнтізбесінің шамадан тыс жүктелгенін және бұл жағдай ойыншылардың денсаулығына зиян келтіріп жатқанын ашық мәлімдеді.
Швейцариялық функционер The Athletic басылымына берген сұхбатында FIFA-ның қазіргі саясатына қатаң баға берді:
“Біз футболды Сауд Арабиясының қолына тапсырдық. Олар ұсынысты алды да, толық пайдаланды. FIFA ішінде бұған қарсы нақты әрекет жоқ. Бүгінгі футбол тым көбейіп кетті. Ойыншылар мен клубтар үнемі ауыр кестемен ойнап, дұрыс демала алмай жүр. Бұл – денсаулыққа зиян. Әсіресе, клубтық әлем чемпионаты кезіндегі аптап ыстық – спортшылар үшін қауіпті”, – деді Блаттер.
14 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ-та өткен клубтық әлем чемпионаты туралы да Блаттер пікір білдірді. Турнирдің финалында “Челси” ПСЖ-ні 3:0 есебімен жеңіп, чемпион атанған болатын. Дегенмен Блаттер бұл турнирдің өткізілу форматына көңілі толмайтынын ашық айтты.
Йозеф Блаттер 1998 жылдан 2015 жылға дейін FIFA президенті қызметін атқарған. Оның тұсында әлемдік футбол үлкен коммерциялық жетістіктерге жеткенімен, кейіннен ұйымның аты бірқатар даулы мәселелермен байланысты болды.