Ресейлік «Зенит» сапында ойын тәжірибесінен қағылған қазақстандық қорғаушы Нұралы Әліпке бұрынғы бапкері Властимил Петржела ескерту жасады. Маман футболшыны мансапты емес, жалақыны таңдады деп сынап, клуб ауыстыруға кеңес берді.
Ресейлік «Зенит» сапында доп тебетін қазақстандық қорғаушы Нұралы Әліпке Еуропадан сын айтылды. Бапкерлер оның мансабы тоқырап бара жатқанын ескертіп, басқа клубқа ауысуға кеңес беріп отыр.
Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының бұрынғы бас бапкері Властимил Петржела Нұралы Әліптің командада алаңға жиі шықпауы оның дамуына кері әсер етіп жатқанын айтты. Чехиялық маманның пікірінше, футболшының мансабы ақшаға тәуелді болып барады:
«Әліп «Зениттің» негізгі құрамына кірмейді. Сондықтан оның басқа команда іздегені жөн. Оны бұл клубта ақша ұстап тұр деп ойлаймын – Қазақстанда мұндай жалақы төлемейді ғой. Егер мен Нұралының орнында болсам, кетер едім», – деді Петржела BorodAbata.kz порталына берген сұхбатында.
Нұралы Әліп соңғы рет Ресей Премьер-лигасында толық 90 минутты 2024 жылдың қарашасында өткізген. Содан бері қорғаушы тек қосалқы құрамда қалып жүр. Бұл жағдай оның ұлттық құрамадағы позициясына да әсер етуі мүмкін.
Қорғаушы «Қайрат» сапынан 2023 жылы ресейлік клубқа толыққанды трансфер арқылы қосылған. Алғашқы маусымда үміт күттіргенімен, кейінгі уақытта ол алаңда сирек көріне бастады.