Алматылық «Қайраттың» қаһарманы атанған Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып, кемінде 40 күнге алаңға шықпайды. Сәйкесінше, Чемпиондар лигасындағы шешуші ойындарға да қатыса алмайды.
Кеше алматылық «Қайрат» Қазақстан премьер-лигасы аясында “Ақтөбемен” кездескен еді. Сол матчта күтпеген оқиға тіркелді. Темірлан Анарбеков жарақат алып, 10-шы минутта алаңнан зембілмен шығарылды.
Допқа талас кезінде қарсылас команда ойыншысы Уче Агбомен соқтығысып, жақ сүйегін сындырып алды. Бұдан бөлек, ақыл тісін жарақаттап, мойын тұсына да зақым келген.
Оқиғаның салдары ауыр болды: дәрігерлер ота жасау қажет екенін хабарлады. Комментатор Бегасыл Сейітханның мәліметінше, Анарбековтің қалпына келуі шамамен 40 күнге созылады.
Бұл жарақат «Қайрат» үшін нағыз соққы болды. Себебі Анарбеков клубтың тарихи жетістігінде басты рөл атқарды: «Селтикпен» пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, алматылықтарды тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығарған еді.
Енді ол 18 қыркүйекте Лиссабонда өтетін «Спортингке» қарсы және 30 қыркүйекте Алматыда «Реал Мадридке» қарсы өтетін матчтарды өткізіп алады.
Айта кетерлігі, негізгі қақпашы Александр Заруцкий де жарақат алып, қатардан тыс қалған. Осыған байланысты клуб қақпасын небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қорғауға тиіс. Ол кеше «Ақтөбеге» қарсы ойында дебют жасап, қақпасын құрғақ сақтап, жанкүйерлердің көңілінен шықты.