Испандық бапкер Алматы қаласы таң қалдырғанын айтты.
Мадридттің «Реал» клубының бас бапкері Хаби Алонсо Чемпиондар лигасының екінші турында алматылық «Қайратты» 5:0 есебімен жеңгеннен кейін ойынға қатысты пікір білдірді.
Алонсо Алматыдағы атмосфераға жоғары баға берді:
«Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайық екенін дәлелдеді. Біз мұны Алматыға келгенде анық көрдік. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды, стадиондағы атмосфера тамаша», - деді ол.
Испан маманы қарсыластың ойыны күтпеген жерден қарқынды басталғанын атап өтті:
«Қайрат» матчты белсенді бастады. Әуелі бізге ыңғайсыздау болды. Бірақ кейін ойынды өз бақылауымызға алып, комбинациялық футбол көрсетуге тырыстық. Әсіресе Арда Гүлер прессингтен шығуға көп көмектесті. «Қайраттың» белсенділігі бізді таңғалдырды», — деді Алонсо.
Сондай-ақ бапкер Килиан Мбаппенің ойынын ерекше атап өтті. Француз шабуылшысы үш гол соғып, хет-трик авторы атанды:
«Мбаппе өте тиімді әрі рақымсыз ойыншы. Біз оған көбірек мүмкіндік жасап беруіміз керек, сонда ол тапсырманы жеңіл орындайды. Мен Килианға өте ризамын. Бұл тек голдары үшін емес. Ол жан-жақты, көшбасшылық қасиеті бар, жастармен жақсы байланыс орнатады», - деді Алонсо.
Осы нәтижеден кейін Мбаппе бес голмен Чемпиондар лигасының сұрмергендер көшін бастады.
Бапкер сондай-ақ құрамдағы ойыншылардың жүктемесін тең бөлу маңызды екенін атап өтті:
«Басты мақсатымыз – жеңіс еді. Жақсы бастама жасадық: алты ұпайдың алтауын еншілеп отырмыз. Көп гол соқтық. Футболшылар сабырлы ойнады. Вальверде әрдайым дайын, біз оны қажет жағдайда қолданамыз. Маңыздысы – минуттарды дұрыс үлестіру», — деді Хаби Алонсо.