Жапонияға қарсы Тёфу қаласында өткен халықаралық жолдастық кездесуде футбол жанкүйерлері күтпеген оқиғаның куәсі болды.
Ойынның алғашқы бөлігі толық “пентакампеондардың” бақылауында өтті. 26-минутта Пауло Энрике, ал 32-минутта Габриел Мартинелли мергендік танытты.
Көпшілік бұл матчта Бразилия жеңісті оңай иеленеді деп ойлаған еді. Бірақ бәрі күтпеген бағытқа өзгерді. Үзілістен кейін жапониялықтар нағыз мінез көрсетті. 52-минутта Такуми Минамино есепті қысқартса, 62-минутта Кэйто Накамура таразы басын теңестірді. Ал 71-минутта Аясэ Уэда шешуші голды соғып, Жапонияны алға шығарды — 3:2.
Қалған минуттарда Бразилия шабуылдауға тырысқанымен жапониялық қорғаушылар тамаша ойын көрсетті. Нәтижесінде матч Азия құрлығы өкілінің тарихи жеңісімен аяқталды.
Бұл кездесу екі елдің де 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындық кезеңінің бір бөлігі болды. Екі құрама да іріктеу кезеңін сәтті өтіп, енді финалдық турнирге дайындалып жатыр.
Жанкүйерлердің айтуынша, бұл жеңіс Жапония құрамасының соңғы жылдардағы ең жарқын нәтижелерінің бірі саналады.