Келесі маусым қарсаңында «Ақтөбе» ФК бірқатар ойыншымен қош айтыспақ.
Клуб маусымаралық кезеңде ауқымды құрамдық жаңарту жүргізіп жатыр. Бұл туралы «Серый CARDINAL» Telegram-арнасы хабарлады
Хабарламаға сәйкес, команданы Анджелкович, Агбо, Өміртаев, Умаев және Скворцов тастап кетеді. Сондай-ақ Вэтэжелудің де кету ықтималдығы жоғары.
Үсеновтің жалдау мерзімі аяқталды, ал қалған футболшылардың тағдыры Николай Костовтың кеңейтілген тізімінде қарастырылып жатыр.
«Келесі маусымға нақты өтетін ойыншылар санаулы ғана. Олардың қатарында — Соса, Корзун, Қайыров, Думбия, Байдәулетов, Жуков және келісімшарты бар бірнеше ойыншы. Қалғандары бойынша шешім кейін қабылданады», — делінген хабарламада.
Клуб желтоқсан айының ортасында өз қаласында дайындықты бастайды, негізгі мақсат — жалпы физикалық форманы қалпына келтіру.
Кейін қаңтар айында Түркияда жаңа ойыншылар мен легионерлер қосылады. Осылайша, команда жаңа маусымға жүйелі түрде дайындық жүргізуді жоспарлап отыр.
2025 жылғы маусымда «Ақтөбе» 43 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде бесінші орынға ие болған болатын. Клуб жаңа маусымда жоғары нәтижелерге қол жеткізуді және еурокубок аймағына қайта оралуды мақсат етіп отыр.