Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков шотландиялық «Хартс» клубына өтуді аяқтауға жақын. Футболшы жаңа командасының қатарына келесі аптада қосылмақ.
Қазақстандық вингердің 12–14 желтоқсан аралығында Шотландияға келуі жоспарланған. Сол жерде жұмысқа рұқсат беретін виза рәсімдеп, Эдинбург маңындағы Риккартонда орналасқан «Хартс» базасында жаңа командасымен бірге жаттығуды бастайды.
Чесноков қаңтардың басындағы матчтарға дайындығын дәл осы кезеңде пысықтамақ.
Шотландия Премьер-лигасының регламентіне сай Ислам Чесноковты ел чемпионатына тіркеу құқығын «Хартс» клубы тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап алады.
Шотландия футбол қауымдастығы (SFA) трансферге арнайы рұқсат беріп, басқарма деңгейінде келісім рәсімдеген. Дәл осы құжат Ұлыбритания Ішкі істер министрлігі шетелден келетін спортшыларға виза рәсімдегенде негізгі негіздердің бірі саналады.
Ислам Чесноковтың «Хартс» сапындағы алғашқы ресми ойыны 3 қаңтарға жоспарланып отыр.
Жртылай қорғаушының дебюті Эдинбургтегі әйгілі «Тайнкасл» стадионында «Ливингстонға» қарсы өтетін матчта күтіледі. Егер құжаттар мен дайындық үдерісі кідіріссіз жүрсе, Чесноков жаңа клубында дәл осы ойында алғаш рет алаңға шығуы ықтимал.
Бұған дейін Ислам Чесноковтың айналасында түрлі сыбыстар тараған. Бірқатар ресейлік дереккөздер ойыншыны «Сочиге» ауысуы мүмкін деп атаған.
Алайда «Хартс» басшылығы келісімнің бұзылатыны жөніндегі барлық қауесетті ресми түрде жоққа шығарды. Клуб өкілдері Чесноковпен жеке сөйлескенін, ал футболшының өзі Шотландия чемпионатына өтетінін растағанын мәлімдеді.
Ислам Чесноков соңғы үш маусымды Қостанайдың «Тобыл» клубында өткізді. Осы уақыт ішінде ол Қазақстан футболында жарқын із қалдырды:
Қостанайлық клубта жалпы 92 матч өткізіп, 29 гол соқты және 15 нәтижелі пас берді.