"Ертіс" ҚПЛ-ға оралғасын команда құрамын күшейту үшін тыңғылықты жұмыс істеп жатыр.
Луганскілік «Заря» клубының шабуылшысы әрі Украина құрамасының бұрынғы ойыншысы Филипп Будковский павлодарлық «Ертістен» түскен ұсыныс жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport.ua-ға.
«Қызығушылық бар. Олар („Ертіс“ өкілдері — авт.) хабарласып, мен үшін шағын өтемақы төлеуге дайын екендерін айтты. Сонымен қатар „Заря“ басшылығымен келісімшартты ұзарту мәселесін талқылап жатырмын. Қалай болары кейін белгілі болады», — деді Будковский.
Украиналық футболшының трансфері оның қаржылық талаптарына байланысты жүзеге аспай қалуы мүмкін екені айтылуда. Будковский шетелдік клубта айына шамамен 20 мың доллар жалақы алуды жоспарлап отыр. Егер «Ертіс» ойыншының талаптарын қанағаттандырса, онда оның ауысуы қысқы трансферлік терезе кезінде жүзеге асады.
Ағымдағы маусымда 33 жастағы шабуылшы барлық турнирде 16 матч өткізіп, 8 гол соғып, 1 нәтижелі пас берген. Будковскийдің трансферлік құны 350 мың еуроға бағаланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Филипп Будковскийге алматылық «Қайраттың» қызығушылық танытқаны туралы ақпарат тараған болатын.