Талдықорғанның «Жетісу» ФК Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Асхат Балтабековтің командаға қайта қосылғанын ресми түрде жариялады. Клуб ақпаратынша, жергілікті футбол мектебінің түлегі туған ұжымына оралып, алдағы маусымдағы мақсаттарға бірге жұмыс істемек.
Клуб хабарламасында Балтабековтің тәжірибесі мен ойын шеберлігі команданың нәтижесіне оң әсер етеді деген сенім айтылған. Сондай-ақ жазбада: «Алда — жаңа мақсаттар мен жаңа бастамалар. Алға, Асхат!» деген жолдар бар.
Transfermarkt дерегіне сүйенсек, Асхат Балтабеков 2025 жылғы маусымда «Жеңіс» сапында барлық турнирлерді қосқанда 28 матч өткізіп, 1 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.
Қорғаушы Қазақстан құрамасы сапында 2 ойынға қатысқан.
Transfermarkt порталында 32 жастағы футболшының нарықтық құны 250 мың еуро деп көрсетілген (соңғы жаңарту — 2025 жылғы 6 қараша).