Қазақстан құрамасының FIFA ұйымдастыратын жаңа форматтағы халықаралық турнир – FIFA Series 2026 аясындағы қарсыластары жарияланды.
ҚФФ мәліметінше, біздің құрама Намибия, Комор аралдары және Кувейт командаларымен ойнайды. Кездесулер 2026 жылғы 23–31 наурыз аралығында “Астана Арена” стадионында өтеді.
FIFA Series — ФИФА қолға алған жаңа халықаралық турнир форматы. Негізгі идеясы – әртүрлі құрлықтағы ұлттық құрамаларға бір терезеде (FIFA халықаралық күнтізбесі) өзара ойнап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру. Турнир 2026 жылдың наурыз–сәуір айларындағы халықаралық матч терезесімен байланысты жоспарланған.
Қазақстан ерлер құрамалары қатысатын FIFA Series матчтарын өткізетін алғашқы елдердің қатарында. Бұдан бөлек, ойындар Австралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстанда да өтеді.