Реклама
Реклама

"Ақтөбенің" экс-капитаны Нанидің трансфері туралы ашық айтты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 09:43

39 жастағы португалиялық футболшы "Ақтөбемен" келісімшартқа отыруға жақын екені туралы біраз ақпарат тараған еді. 

Sports.ru

"Ақтөбе" клубының бұрынғы капитаны Леонель Струмия португалиялық жұлдыз Луиш Нанидің Қазақстан Премьер-Лигасына келуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты өз көзқарасын айтты. Аргентиналық футболшы тәжірибелі ойыншылардың жасына қарап баға беруге болмайтынын атап өтті:

"Мен де Нанидің келуі мүмкін екенін оқыдым. Ол — тәжірибесі мол, беделі жоғары футболшы. Жасына ғана қарап қорытынды жасап, адамдар жиі жаңылысып жатады. Ең бастысы — ойын деңгейі. "Қайрат" пен "Астанадағы" жасы үлкен капитандардың командаға қосып жүрген үлесіне қараңыздар. Сондықтан бәрін жаспен өлшеудің қажеті жоқ", — деді Струмия.

Сондай-ақ экс-капитан "Ақтөбеде" ойнау үшін кез келген футболшы жоғары физикалық әрі психологиялық дайындықта болуы тиіс екенін жеткізді:

"Луиштің нақты қандай жағдайда екенін білмеймін, бірақ "Ақтөбеге" келу үшін 110 пайыз дайын болу қажет. Қаншалықты атақты ойыншы болсаң да, бұл клубта үнемі жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіссің", — деп қосты ол.

Нани туралы не белгілі?

Бұған дейін БАҚ-та Луиш Нанидің "Ақтөбемен" келісімшартқа жақын екені туралы ақпарат тараған. 39 жастағы португалиялық футболшы кезінде “Манчестер Юнайтед” сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

Ал Леонель Струмия қазіргі таңда еркін агент. Ол екі жыл бұрын "Ақтөбенің" капитаны болды. Соңғы клубы — Черногорияның “Будучность” командасы.

Реклама
Реклама