УЕФА "Арсенал" — "Қайрат" матчына қатысты дерек жариялады
“Қайрат” лондондық клуб қақпасына екі гол салған жалғыз команда атанды.
УЕФА-ның ресми сайты Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің сегізінші туры аясында өткен "Арсенал" — "Қайрат" (3:2) матчының толық статистикасын ұсынды.
Ойын көрсеткіштері
Матч барысында лондондық "Арсенал" негізгі статистикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде айқын артықшылыққа ие болды.
- Соққылар саны: 25 — 4
- Қақпаға дәл соққылар: 10 — 2
- Шабуылдар: 65 — 6
- Бұрыштама доптары: 11 — 0
Сонымен қатар, алаң иелері допқа иелік ету жағынан да басым болды — 62% қарсы 38%. Пастардың дәлдігі бойынша да "Арсенал" алда тұр — 90% қарсы 75%.
Тәртіп пен ереже бұзушылықтар
Ойындағы ереже бұзушылықтарды "Арсенал" футболшылары жиірек жасаған. Лондондық клуб ойыншылары 14 фол, ал "Қайрат" футболшылары 10 фол тіркеді. Сондай-ақ, матч барысында екі команданың да ойыншылары бір-бірден сары қағаз алды.
Айта кетейік, бұл матчта "Арсенал" 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 24 ұпай жинап, максималды нәтижеге қол жеткізді. Ал “Қайрат” лондондық клуб қақпасына екі гол салған жалғыз команда. Бұған дейінгі 7 ойында “Арсенал” бірде-бір ойында жеңілмей, тек “Бавария” мен “Интер” командаларынан бір-бір голдан ғана жіберген еді.
«Қайрат» 7 түлегін алаңға шығарды
“Қайрат” үшін бұл турнирдегі соңғы ойын болды. Тарихи кездесуде “Қайрат” академиясының жеті түлегі алаңға шықты. Атап айтқанда: Темірлан Анарбеков, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Лев Кургин, Дамир Қасаболат, Әділет Садыбеков және Рамазан Бағдат.