Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев "Қайсар" футбол клубының қарызына қатысты нақты сандарды жариялады.
Артаевтың айтуынша, қызметке келген кезде клубтың берешегі 760 млн теңге болған.
“Мойындау керек: біз футболға қарызбыз. Халықтың өзі айтып жүр: “Қайсардың қарызы бар”. Мен бұл қызметке келгенде “Қайсарды” 760 млн теңге қарызбен қабылдадым”, – деді.
Функционер соңғы 7 айда қарыздың 130 млн теңгесі жабылғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл кезеңде қарыз алғаш рет өспей, керісінше азайған.
“Ешкімге ақталмаймыз, бұл жылап-сықтайтын себеп емес. Мәселені өзіміз шешуіміз керек. 7 айда 130 млн теңгені жаптық. Алғаш рет қарыз өспей, керісінше кеміді”, – деді ол.
Артаев қазіргі жағдайды да нақтылады: клубтың бүгінгі қарызы шамамен 620 млн теңге.
Қарыз құрылымы бойынша:
Басқарма басшысы өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының “қарызды биыл жабамыз” деген мәлімдемесін еске салып, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
“Бюджеттік өтінім берілді, күтіп отырмыз. Бұйырса, жалақы қарызын демеушілер есебінен немесе бюджет арқылы жабамыз”, – деді Артаев.
Еске салайық, былтыр “Қайсар” маусымды тек қазақстандық футболшылармен өткізген еді. Кейін клуб жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақовтың меншігіне өтті.
Ал биылғы маусымаралық кезеңде қызылордалық команда бірнеше легионермен келісім жасап үлгерді. Солардың бірі – “Челси” сапында Англия Премьер-лигасының чемпионы атанған Виктор Мозес трансфері ретінде аталды.