Реклама
Реклама

Адам сенгісіз! Марко Ройс Қазақстан чемпионатына ауысуы мүмкін

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 15:32

Футболдағы адалдықтың символы Марко Ройс ҚПЛ клубында өнер көрсетуі мүмкін.

Марко Ройс

Германия құрамасы мен дортмундтық "Боруссияның* бұрынғы ойыншысы Марко Ройс Қазақстанға келуі мүмкін. Бұл туралы "Инсайды от Карпа" Telegram-арнасы хабарлады.

Дереккөз мәліметінше, 36 жастағы жартылай қорғаушы Ақтөбе облысынан шыққан клубтан өте тартымды ұсыныс алған. Қазіргі таңда ол шешімін ой елегінен өткізіп жатыр және жақын күндері нақты жауабын бермек.

Адалдықтың символы

Марко Ройс футболдағы адалдықтың символы саналады. Ол мансабының негізгі бөлігін "Боруссия" сапында өткізді – Дортмунд клубы үшін 494 матчқа қатысып, тарихтағы ең көп ойын өткізген футболшылардың үштігіне енді. Осы уақыт ішінде Ройс "Бавария", "Реал", "Манчестер Юнайтед", "Манчестер Сити" және *Барселона" секілді алпауыттардың ұсыныстарынан бас тартқан.

Дортмундқа деген беріктігіне қарамастан, Ройс Бундеслига чемпионы атағын жеңіп ала алмады. Дегенмен, ол Германия кубогын екі рет, Суперкубокты үш мәрте иеленіп, ұлттық чемпионатта жеті рет екінші орынға тұрақтаған.

Соңғы бір жарым жылын футболшы АҚШ-та, "Лос-Анджелес" клубында өткізді. Бұл кезеңде ол 39 матчта 9 гол соғып, 12 нәтижелі пас берген. Енді тәжірибелі ойыншы мансабын Қазақстанда жалғастыруы ықтимал.

"Ақтөбе" жекеге өткелі БАҚ-ты шулатуда

Еске салайық, өткен маусымда Қазақстан Премьер-Лигасында "Ақтөбе" бесінші орынға табан тіреді. Жақында клубтың жаңа иесі ретінде кәсіпкер Нұрлан Артықбаев келді. Forbes дерегінше, оның байлығы 228 миллион долларды құрайды. Қысқы трансферлік кезеңде "Ақтөбе" белсенділік танытып, КПЛ-дегі ең көп талқыланған клубтардың біріне айналды. Бұған дейін команда құрамын "Манчестер Юнайтед" пен Португалия құрамасының экс-жартылай қорғаушысы Луиш Нани толықтырған.

Реклама
Реклама