Санкт-Петербургтің "Зенит" клубы Сауд Арабиясының "Әл-Наср" командасынан шабуылшы Джон Дюранды жалға алу бойынша келісімді аяқтады.
Трансфердің рәсімделгенін танымал инсайдер Фабрицио Романо да растады. Оның мәліметінше, "Фенербахче" футболшымен жасалған жалға алу келісімін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Одан кейін "Әл-Наср" мен "Зенит" арасында жаңа жалға алу шарты жасалған.
Джон Дюран "Әл-Наср" сапына "Астон Вилладан" ауысқан. Саудиялық клубта Криштиану Роналдумен бірге 13 матч өткізіп, 8 гол соққан.
Ал Түркия чемпионатының биылғы маусымында 22 жастағы шабуылшы 10 ойынға қатысып, 3 гол және 2 нәтижелі пас тіркеп үлгерген.
Еске салайық, қазір "Зенит" құрамында Қазақстан құрамасының капитаны Нұралы Әліп өнер көрсетеді. Осылайша Дюран петербургтік клубта қазақстандық қорғаушымен бір ұжымда ойнайды.