Реклама
Реклама

Қайрат Боранбаев букмекерге қарсы наразылық жайлы пікір білдірді

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 11:31

Белгілі бизнесменнің айтуынша, нарықтық экономика өз ережесін жүргізуде.

Қайрат Боранбаев. Фото: "Қайрат" ФК

"Қайрат" футбол клубы байқау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев команданың титулдық демеушісі – букмекерлік компанияға қатысты айтылған сынға жауап берді. Бұл туралы ол ArchiBall YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Боранбаевтың айтуынша, клуб демеуші таңдау кезінде өз бетінше ереже орната алмайды.

"Ойынның ережесін біз қоймаймыз. Оны нарық пен федерация белгілейді. Кейбір елдерде букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салынғандықтан, сырт алаңдағы бірнеше матчта басқа титулдық демеушімен ойнадық. Ал “Селтик”, “Пафос”, “Олимпиакос” секілді клубтарға қарасаңыздар, олардың да серіктестері – беттинг-компаниялар. Бұл – нарықтың талабы".

Ол федерация тарапынан нақты шектеу қойылса, клуб оны орындауға дайын екенін жеткізді.

"Егер федерация “титулдық демеушілерді алып тастаңдар” десе, біз алып тастаймыз. Бірақ оның орнына футболды қалай коммерцияландыру керегін түсіндіру қажет. Егер бір табыс көзін жапсаң, оның орнына басқа мүмкіндік беру керек. Мысалы, жеңілдіктер немесе жарналарды азайту мәселесі қарастырылуы тиіс".

Боранбаев клуб букмекерлік компанияларды насихаттамайтынын атап өтті.

"Біз беттингті емес, футболды насихаттаймыз. Бұл – клубқа демеушілік қаржы бөлетін компания. Ол қаражат футболды дамытуға жұмсалады".

Сонымен қатар, ол лудомания мәселесінің бар екенін мойындады.

"Әрине, лудомания мен нашақорлық проблемасы бар екенін түсінемін. Бірақ мәселені тек тыйым салумен шешу дұрыс па? Бәлкім, реабилитация мәселесіне көбірек көңіл бөлу керек шығар. Тіпті оны футбол арқылы да жүзеге асыруға болады".

Клуб басшысы букмекерлік компаниялар тек "Қайратта" ғана емес, елдегі көптеген спорт ұйымдарында бар екенін де еске салды.

"Бұл тек “Қайратқа” қатысты емес. Қазақстандағы клубтардың 70-80 пайызы осындай демеушілермен жұмыс істейді. Бұл тек футболда емес, хоккейде және басқа спорт түрлерінде де бар".

Оның сөзінше, соңғы он жылда клубты негізінен өзі қаржыландырған.

"Соңғы он жылда “Қайратты” негізінен өзім қаржыландырдым. Беттинг-компаниялар демеушілердің бірі ғана, негізгісі емес. Қазір олардың үлесі шамамен шығындардың 10 пайызын жабады, мүмкін сәл көбірек. Барлығы трансферлік саясатқа байланысты".

Боранбаев шетелдік алпауыт клубтарда да осындай серіктестік бар екенін мысалға келтірді.

"Біз “Интермен” ойнадық – олардың да демеушісі беттинг-компания. Егер мұндай компаниялар спортты қаржыландыруға дайын болса және бұл заңмен тыйым салынбаса, біз неге кінәлі болуымыз керек?" – деді Қайрат Боранбаев.

Еске салайық, "Қайрат" жаңа маусымды Қазақстан Суперкубогында "Тобылға" қарсы матчпен бастап, негізгі уақытта 2:2 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 4:5 есебімен жеңілді. КПЛ-2026 бірінші турында алматылық клуб 7 наурыз күні сырт алаңда "Алтаймен" кездеседі.

Реклама
Реклама