Реклама
Реклама

Енді ауызды жауып сөйлеуге болмайды: ФИФА жаңа заң қабылдамақ

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 16:44

Бұндай іс-әрекет енді нәсілшілдікке қарсы күрестің таптырмас жолы болмақ.

Фото: Marca

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино алаңдағы қақтығыстар кезінде аузын қолымен немесе киімімен жауып сөйлейтін футболшыларға қызыл қағаз көрсету туралы ұсыныс айтты.

"Мұндай әрекетке баратын ойыншылар айтқан сөзін жасыруға тырысатыны анық. Демек, олар рұқсат етілмейтін сөз айтып тұрғанын түсінеді. Адам аузын жапса, онда жасыратын нәрсесі бар деген сөз. Біз нәсілшілдік көріністеріне қарсы батыл әрі тиімді шаралар қабылдауға міндеттіміз. Дегенмен әр жағдайдың мән-жайын ескеру маңызды. Эмоцияға берілген адам қателік жіберуі мүмкін, кейін оған шын жүректен өкінеді. Сондықтан көпшілік алдында кешірім сұрағандарға жазаны жеңілдету мүмкіндігін қарастыруымыз керек", – деп келтіреді Инфантиноның сөзін Sky News.

Сонымен қатар, ФИФА басшысы кемсітушілік сипаттағы сөздер үшін берілетін дисквалификацияның ең төменгі мерзімін, егер ойыншы кінәсін көпшілік алдында мойындаса, бес матчқа дейін қысқартуды ұсынды.

Барлығына себеп "Бенфика" – "Реал" ойыны

Жазаны қатаңдату мәселесі Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шығу үшін өткен плей-офф ойынында португалиялық "Бенфика" мен испаниялық "Реал" арасындағы матчтан кейін талқылана бастады. Кездесу барысында "Реалдың" шабуылшысы Винисиус Жуниор төрешіге "Бенфиканың" жартылай қорғаушысы Джанлука Престианнидің оны "маймыл" деп атап, бет-жүзін жейдесімен жауып сөйлегенін мәлімдеді. Престианни нәсілдік қорлау жасағанын жоққа шығарды, алайда орынсыз сөздер айтқанын мойындады. Кейін Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) "Бенфика" ойыншысын келесі матчқа уақытша шеттетті.

Реклама
Реклама