Реклама
Реклама

Ғалымжан Кенжебек Еуропадағы қиындықтарды мойындады

Сарапшы, спорт журналисі
16.03.2026, 15:58

Қазақстан ұлттық құрамасының вингері Ғалымжан Кенжебек шетелдік клубтарда ойнайтын қазақстандық футболшылардың жағдайы туралы айтып, өзінің Еуропадағы тәжірибесі жайлы пікір білдірді.

Фото: ҚФФ

Футболшының айтуынша, шетелдік клубтарда қазақстандық спортшылар кейде тұрақты ойын тәжірибесін ала бермейді. Дегенмен ол мұны кәсіби дамудың бір бөлігі деп санайды. Футболшы бұл туралы ол ASnews.kz порталына берген сұхбатында айтты.

“Еуропада менің де ойын уақытым көп болған жоқ. Бірақ бұл да үлкен тәжірибе. Бапкер қанша минут берсе де, соған ризамын. Мүмкіндік берілді ме оны пайдалану керек”.

Сұхбат барысында ұлттық құрамадағы әріптесі Рамазан Оразов туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, Даниядағы клубта жартылай қорғаушыға жеткілікті ойын уақыты  берілмеген.

“Рэм де Данияда көп ойнаған жоқ. Ұлттық құраманың жұлдызы болғанымен, клубта жағдай оңай емес еді. Неліктен бұлай болғанын нақты айта алмаймын”.

Кенжебек Еуропаға кетудегі негізгі мақсаты – кәсіби деңгейін арттыру екенін атап өтті.

“Мен әрдайым Еуропада ойнауды мақсат еттім. Прогресс жасап, өзіме де, өзгелерге де дәлелдегім келеді, ешқашан “жайлы орында” қалғым келмеді. Бірақ Еуропада дұрыс команда табу маңызды. Бапкер сенім артпаса, ойнау өте қиын болады”.

“Ахматтағы” жаңа кезең

2026 жылдың басынан бері Ғалымжан Кенжебек “Ахмат” клубы сапында ойнайды. Қазақстандық вингер жаңа командасында ресми матчта дебют жасап үлгерді. Күні кеше “Акрон” командасымен қарсыласқан грозныйлықтар енді 21 наурызда “Ростов” клубына қарсы матч өткізбек.

Реклама
Реклама